Сарыағашта қонақ үйден телефон ұрлап кеткен әйел ұсталды
Сарыағашта қонақ үйден телефон ұрлап кеткен әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол қонақ үйге демалу үшін барған. Сол уақытта белгісіз біреу оның телефонын жасырын жымқырып кеткенін айтып, шағымданды.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Сарыағаш АПБ-ның полицейлері ұрлық қылмысын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада барып, қажетті шараларды жүзеге асырды.
Қонақ үйдің аулаларын, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Соның нәтижесінде, күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталды. Оны тәртіп сақшылары бір күннің ішінде құрықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті әйелге ақша керек болып, өзгенің телефонын жымқырып кеткен. Ол ұрлаған телефонды аудандағы сауда орындарының біріне 45 мың теңгеге сатып, бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.