Сарыағаштық полицейлер иісшіл иттің көмегімен елге есірткі өткізбек болған шетелдікті ұстады
Сарыағаштық полицейлер иісшіл иттің көмегімен елге есірткі өткізбек болған шетелдікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысына қарасты Сарыағаш АПБ-ның полицейлері Жібек жолы бақылау бекетінен Қазақстан Республикасына өтетін шекара аумағында есірткі затын алып өтпекші болған өзбекстандық ер азаматты ұстады.
Осы жылдың тамыз айында Жібек Жолы бақылау бекетінен Сарыағаш АПБ-ның кезекшілігіне жедел ақпар түседі. Онда бекеттен Қазақстанға жаяулатып өтіп бара жатқан ер азаматтың күдік тудырғаны айтылады. Осылайша оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер шекарашылардың «Клементина» атты иті мазасызданып, әлгі күдікті тұлғаны айналшықтап кетпей қойғанын көреді. Полицейлер ер азаматты тексеру барысында шалбарының қалтасынан қағазға оралған есірткіге ұқсас затты алды. Алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Нәтижесінде, есірткі тектес зат 1,5 грамға жуық гашиш болып шықты.
Бүгінде ұсталған азамат қамауда. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.