Сәтбаевта жол ережесін бұзған 47 жүргізуші анықталды
Сәтбаевта “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жол ережесін бұзған 47 жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
4-6 қараша аралығында “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – қала аумағы жолдарындағы жүргізушілердің көлік тәртібін сақтауын қадағалау, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол жүрісі ережесін бұзу фактілерінің алдын алу.
Іс-шара барысында көлікті мас күйінде жүргізетін тұлғаларды анықтау үшін адам көп жүретін аумақтарда және демалыс орындарында, ойын-сауық мекемелері мен басқа да қоғамдық орындарда патрульдеу ұйымдастырылды.
Жедел алдын алу іс-шарасының 3 күндік қорытындысы бойынша жол жүру ережесін бұзған 47 жүргізуші анықталды. Оның ішінде үш жүргізуші көлікті масаң күйде басқарған. Сондай-ақ жол белгiлерiмен көрсетiлген талаптарды сақтамағаны, көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғандар және көлікті тиісті құжатсыз басқарғандар бар.
Полиция қызметкерлері 8 автокөлікті айыптұраққа қойып, жүргізушілер айыппұл арқалады.
Сәтбаев қаласының полиция қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасы негізінде қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік құқық бұзушылықтың 51 фактісін анықтады.
Іс-шара кезінде жалға берілетін пәтерлер, азаматтық қару иелері, базарлар мен өзге сауда жасау орындары, саяжайлар мен шаруа қожалықтары, құрылысы тоқтатылған немесе қараусыз қалған нысандар тексерілді. Тексеру барысында тұрғылықты мекенжайлары жоқ адамдар, адамдарды заңсыз жұмысқа пайдалану, шетелдік азаматтардың көшіп-қону заңнамасын бұзу фактілері қадағалауға алынды.