Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сатып алмақ болып, көлікке мініп, қашып кетті

Жалпы құны бес миллион тұратын автокөлікті иемденіп алған алаяқты қарағандылықты полиция қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 30 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Азамат, биылғы жылдың қаңтар айында өзінің темір тұлпарын сатпақ болып, сатып алушы хабарласып автокөлікті көрген. Кейін, көлікті тексеріп көру мақсатында көліктің тізгініне отырып, тас жолға шығып, нақты иесін тастап қашып кеткен. Сөйтіп, жәбірленушіге бес миллион шығын келтірген.

Алғашында жәбірленуші күдіктіні өзі тауып алмақ болған. Алайда, онысынан ештеңе шықпаған соң полицияға арызданған.

Оқиғаның болғанына бірнеше ай өтсе де, жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен Қарағанды облысы Абай қаласының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.

Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру