Семей тұрғыны жалған ПТР тестін қолданғаны үшін сотталды
Семей тұрғыны жалған ПТР тестін қолданғаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іс-шараларды өткізу барысында полиция қызметкерлері жалған ПТР-тестті қолдану фактісін анықтады. Жалған құжатты Семей қаласының 32 жастағы тұрғыны өзі жұмыс істейтін қаланың кәсіпорындарының біріне көрсету үшін пайдаланған екен.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылдың шілде айында аталған азамат ақшалай сыйақы беру арқылы белгісіз тұлғалардан қаланың зертханаларының бірінің атынан рәсімделген теріс нәтижесі бар тестті үш рет сатып алған.
– 32 жастағы күдіктінің бұл әрекеттері ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі (Көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сараланды. Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде сот үкімімен ер адамға айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Полиция департаменті жалған құжаттарды қолдан жасағаны және сатқаны үшін ҚР ҚК-нің 385-бабына сәйкес жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Ол бойынша жаза 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.