Шардарада есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот шешімі шықты
Шардарада есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот шешімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шардара АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай кезекті шара барысында полиция қызметкерлері Шардара ауданы көшелерінің бірінде жол ережесін бұзып келе жатқан Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. Оны тексеру барысында жүргізушінің сөздері анық болмай, іс-әрекеті күдік тудырған. Полицейлер осы жайтты нақтылау үшін көлік жүргізушісіне медициналық сараптама тағайындады.
Куәландырудың қорытындысында оның есірткілік масаң күйі анықталған.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеді. Осылайша жүргізушінің көлігі ақылы автотұраққа қойылды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Шардара аудандық сотының шешімімен күдікті азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру үкімі шықты.