Шекарадан есірткі алып өтпек болған Өзбекстан азаматы қолға түсті
Линда қызметтік иті шекарадан «гашиш» алып өтпек болған Өзбекстан елінің азаматын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға ҚР ҰҚК Шекара қызметінен хабарлама келіп түскен.
Онда Линда қызметтік иті Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жүргіншіні көріп, белгі бергені айтылған. Осыдан соң полицейлер күдік тудырған азаматты ұстап тексерді. Тексеру барысында күдікті азаматтың сөмкесінен есірткіге ұқсас зат табылды. Алынған затты полицейлер сараптамаға жолдады. Сараптамада есірткінің бір грамнан аса салмағы бар «гашиш» екендігі расталды.
Полицейлер бұл жайтты ҚК-нің 286-бабымен (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) тіркеді.
Сондай-ақ орта жастағы азаматтың Өзбекстан азаматы екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз тасымалдағанға қатаң жаза көзделгенін ескертеді. Тәртіп сақшылары шекарадан өтпек болған тұрғындарға есірткіге байланысты құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақырады. Егерде сіз есірткі құралдарын сақтау және заңсыз айналымы туралы қандай да бір ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.