Шекарадан гашиш алып өтпек болған ер адам анықталды
Түркістан облысында шекарадан гашиш алып өтпек болған ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек Жолы шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті.
Полицейлер анықтағандай, Марика есімді қызметтік ит Өзбекстан азаматында есірткі затына ұқсас заттың бар екеніне белгі берген. Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның сырт киімінің қалтасынан есірткіге ұқсас затты тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, оның гашиш есірткісі екені анықталды. Күдікті шетелдік қамауға алынды.
Бұл жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.