Шетелдіктерді алдаған сарыағаштық тұрғынға қатысты сот үкімі шықты
Шетелдіктерге 11 миллионға жуық шығын келтірген 31 жастағы тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға Тәжікстан Республикасының азаматтары арызданады. Олар өз арызында карантин күшейтілген мерзімде Қапланбек шекара бекеті маңындағы үйлердің бірінің иелерімен келісіп, ауласына тоғыз көлікті қойғанын, алайда арада бір ай уақыт өткеннен соң үй иесі мен оның ауласына қойған көліктерді таппағанын жазып, көрсеткен. Шетелдік азаматтарға келтірілген шығын көлемі 11 миллионға жуық теңгені құрайды.
Аталған жайт бірден Сарыағаш АПБ-да ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) тіркелді. Полицейлер ірі сомада шығын келтірген 31 жастағы күдікті тұрғынды анықтау мақсатында оның жергілікті мекенжайын мұқият тексерді. Алайда күдікті ер азаматтың ол жерден қашып, бой тасалап кеткені анықталды. Осылайша іздестіру жұмыстары кезінде Сарыағаш АПБ-ның полицейлері облыс көлеміндегі басқа да қала, аудандарға бағыттама жолдады. Небары үш күн ішінде ер азамат Қазығұрт ауданындағы туысының үйінен табылып, полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай күдікті Сарыағаш қаласы Қапланбек шекара аумағындағы өз үйінің ауласына шетелдіктердің көлігін уақытша қоюларына рұқсат беріп, келіскен. Алайда шетелдіктерге берген уәдесін ескермей, бас пайдасына жарату мақсатында арам ой туындап, тоғыз көлікті де сатып жіберген. Яғни алты көлікті Шымкент қаласының тұрғынына сатса, үш автокөлікті Сарыағаш ауданының тұрғынына бөлшектеп өткізген.
Сонымен қатар полицейлер тергеу барысында күдіктінің бұрын алаяқтық бойынша сотты болғанын анықтады. Тоғыз автокөлік те тәркіленіп, шетелдік азаматтарға қайтарылды. Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 189-бабынан, 188-бабына қайта дәрежеледі. Өйткені ұсталған ер азамат бөтеннің мүлкін жасырын жымқырып, ҚР ҚК-нің 188-бабында көрсетілген қылмысты жасаған.
Сарыағаштық тергеушілер күдіктінің кінәсін толық дәлелдеп шықты. Ұсталған 31 жастағы ер азаматқа қатысты құжаттар жинақталып, шешім шығарылу үшін сотқа жолданды. Өз кезегінде сот кінәлі азаматқа 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.