Шиелі тұрғынынан ірі көлемде марихуана тәркіленді
Қызылорда облысында есірткі сатпақшы болған аудан тұрғыны құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 наурыз күні Қызылорда облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шиелі ауданының 50 жастағы тұрғыны есірткі сату кезінде ұсталды, одан жеті бума өсімдік тектес ерекше иісі бар шөп тәркіленді.
Өткізілген сараптама қорытындысына сәйкес ерекше иісі бар өсімдік тәріздес заттар жалпы салмағы 15,74 гр кептірілген марихуана болып шықты.
Сонымен қатар, күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын тінту барысында оның үйінен алты дана газет қиындысына оралған және бір дана сіріңке қорабына салынған өзіне тән ерекше иісі бар өсімдік тәріздес заттар, одан бөлек күдіктінің гаражынан есірткі тұтынуға арналған екі дана құрылғы анықталып, заттай айғақ ретінде алынды.
Күдікті Шиелі ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.