ШҚО-да 10 жыл бойы қос азаматтықпен өмір сүрген азамат анықталды
ШҚО-да 10 жыл бойы қос азаматтықпен өмір сүрген азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтық фактілерін анықтауға бығытталған жұмысты жалғастыруда.
Ақпан айының басында Бородулиха ауданында тәртіп сақшылары 2012 жылы Алтай өлкесінде азаматтық алып, Ресей Федерациясы азаматының паспортын алған, алайда осы күнге дейін ҚР азаматының құжаттарын пайдаланған 67 жастағы ер адамды анықтады.
Белгілі болғандай, 10 жылға жуық уақыт көрші елдің азаматы болса да, ер адам Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін көрсетіп өзінің жылжымайтын мүлігін сатпақ болып, Бородулиха ауданындағы нотариустың біріне барған.
– Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспорты алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу тіркелді, – деді Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
ПД көші-қон қызметі басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды дер кезінде тіркеу қажет екенін ескертеді.