ШҚО-да алимент төлеуден жалтарған азаматшаның бас бостандығы 1 жылға шектелді
Алимент төлеуден жалтарған ШҚО тұрғыны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылы одан кәмелетке толмаған қызын асырау үшін табысының барлық түрінің 1/4 бөлігі мөлшерінде алимент өндіру туралы сот шешім шығарды. Алайда ол ешқандай алимент төлемеген. Сондай-ақ, сот орындаушыларының сот актілерін орындау міндеттілігі туралы жазбаша хабарламалары мен ескертулерін де мүлде елемеген.
– Ол менің ұлыммен кездесіп жүрді, мен қарсы болмадым, шамамен үш айдай кездесті. Содан кейін біраз уақытан соң мен оның бала туып, баладан бас тартқанын білдім. Мұны маған көршілері айтты. Мен дереу ауруханаға қоңырау шалдым, олар бұл ақпаратты растады. Мен ауруханаға бардым, екі күн баламен бірге жатып, оны өзіммен бірге алып кеттім. Ол нотариустың қатысуымен баладан ресми түрде бас тартты және менің ұлым сәбидің әкесі екенін мойындады. Қазір кішкентай періштеміз екі жарым жаста. Ұлым екеуіміз тәрбиелеп отырмыз. Ол өзінің бұл ісін бізге әлі жас екендігімен және баланы тәрбиелеуге дайын емес болғандықтан жасадым деп түсіндірді, – дейді сәбидің әжесі.
– Аталған азаматша пробация қызметінің есебінде 2020 жылдан бастап тұр. Жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзады және сот үкімін орындамайды. Қазіргі уақытта оған қатысты бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы құжаттар сотқа дайындалып жатыр, – деді Үлбі ауданы пробация қызметінің аға инспекторы Арай Оразханова.