ШҚО-да ПД бастығы қызметте ерекше көзге түскен 27 тергеушіні марапаттады
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде Тергеу күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік жиында полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков тергеу бөлімшелерінің жеке құрамын, ардагерлерді және қызметкерлердің ата-аналарын құттықтады.
Қазіргі уақытта тергеуші мамандығы — тек заңгерлік білімді ғана емес, терең біліктілік пен болаттай берік төзімділікті талап ететін жауапты қызмет. Әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, заң үстемдігі мен халықтың полицияға деген сенімі тікелей тергеушінің кәсібилігіне байланысты.
Салтанатты шара барысында ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аударылды.

Өздерінің кәсіби дәстүрлері мен бай тәжірибесі арқылы жас мамандардың қалыптасуына жол ашқан қызмет ардагерлеріне шынайы алғыс айтылды.
Жиынның тағы бір маңызды сәті — қызметкерлердің ата-аналарына құрмет көрсету болды. Облыстың бас полицейі заң сақшыларын лайықты тәрбиелегені үшін оларға терең ризашылығын жеткізді.

— Жауапкершілік, адалдық және антына беріктік сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Бүгінде заң мен құқықтық тәртіпті күзетіп жүрген лайықты ұл-қыз тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын, — деп атап өтті ПД бастығы.
Қызметтік борышын адал атқарғаны және жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін өңірдегі тергеу бөлімшелерінің 27 қызметкері ведомстволық наградалармен, құрмет грамоталарымен және кезекті арнайы шендермен марапатталды.

Шара соңында кәсібилік пен отбасылық қолдаудың маңыздылығы атап өтіліп, қатысушыларға заң жолындағы қызметтеріне сәттілік тіленді.

