ШҚО-да полицейлер балаларға цифрлық қауіпсіздікті үйретуде
ШҚО-да полицейлер балаларға цифрлық қауіпсіздікті үйретуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер кәмелетке толмағандар арасында киберқылмыстың алдын алу шараларын жалғастыруда. Оқушылармен өткізілетін кездесулер цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру науқаны аясында ұйымдастырылып келеді.
Балаларға онлайн-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, киберқылмыскерлердің құрбанына айналмаудың нақты жолдары көрсетілді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіпсіздікке баса назар аударылды: құпиялылықты дұрыс баптау, жеке деректерді жарияламау, бейтаныс адамдармен хат алмасудан сақтану және интернеттегі қарым-қатынаста абай болу қажеттігі айтылды.
Кездесудің бір бөлігі интернет-буллинг тақырыбына арналды. Себебі желідегі қорқыту мен кемсіту шынайы өмірдегідей қауіпті. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған балалар мәселені жасырып қалмай, ата-анасына немесе мұғаліміне айтуы тиіс. Ал жағдай күрделенген кезде дереу полицияға "102" нөмірі арқылы хабарласу қажет екені ескертілді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік – әрбір адамның жеке жауапкершілігі. Уақтылы берілген білім балаларға виртуалды кеңістікте өздерін сенімді әрі қорғалған сезінуге мүмкіндік береді.