ШҚО-да полицейлер зейнеткердің миллион теңгесін қайтарып берді
ШҚО-да полицейлер зейнеткердің миллион теңгесін қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы жәбірленушінің өзі облыстық полиция департаменті бастығының азаматтарды қабылдауы кезінде айтып берген.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков апта сайынғы жеке қабылдауында облыстың 7 тұрғынын қабылдады.
Шығысқазақстандықтар облыстың бас полицейіне қылмыстық істер мен әкімшілік материалдарды тергеуге байланысты түрлі мәселелермен жүгінеді. Өтініштердің басым бөлігі жұмысқа орналасу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық және тұрмыстық дауларды шешу мәселелерін қамтиды. Алайда олардың арасында тәртіп сақшыларына олардың жұмысы үшін алғыс айтуға келетін азаматтар да бар.
– Алаяқтардың алдауына түстім. Сіздің Серік деген қызметкеріңіздің арқасында маған миллион теңге ақшам қайтарылды, тегін есіме сақтамаппын, оған үлкен рақмет, – деп ризашылығын білдірді 70 жастағы қала тұрғыны Александр.
Ер адам алаяқтар оны телефон шалу арқылы алдағанын айтты. Алаяқтың арбауына түскенін түсінген зейнеткер бірден жақын жердегі полиция бөліміне жүгінген. Полиция жәбірленушінің өтінішіне жедел ден қойып, банктің байланыс орталығына хабарласып, Александрдың шоттарын бұғаттауды сұраған. Содан кейін олар бірге банктің филиалына барып, зейнеткерге ақшалай қаражатын қайтарып берген.
ШҚО полициясы облыс тұрғындары мен қонақтарын, қырағы болуға және алаяқтардың құрығына түспеуге шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және жалған қосымшаларды жүктемеңіз. Ақшалай қаражатаңыздың сақталуы сіздің өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.