ШҚО-да қос азаматтығы бар зейнеткер анықталды
ШҚО-да қос азаматтығы бар зейнеткер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтық фактісін анықтады.
2021 жылы Санкт-Петербург қаласында азаматтық алған және Ресей Федерациясы азаматының паспортын ресімдеген 68 жастағы ер адам Бородулиха ауданында анықталды. Ресей Федерациясының азаматы мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін пайдаланған екен.
Аталған факті Бородулиха аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметінің қызметкерлерімен құжаттарды тексеру кезінде мәлім болды. Зейнеткер Семей қаласында тұратын ағасына қонаққа келгенін айтқан.
Заң бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шетелдіктен ҚР азаматының жеке куәлігі мен төлқұжаты алынып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылғаны тіркелді.
ШҚО ПД көші-қон қызметі басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды дер кезінде тіркеу қажет екенін ескертеді.