ШҚО-да жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген 200-ден астам адам анықталды
ШҚО-да жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген 200-ден астам адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын, сондай-ақ 1974 жылғы КСРО паспорттарын уақтылы алмастырмаған адамдарды анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.
Бірінші кезекте құжаттардың болмауы әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, медициналық көмек ала алмайтын азаматтың өзіне қолайсыздық тудырады.
Жыл басынан бері жеке басты куәландыратын құжаттарынсыз жүрген 200-ден астам адам Қазақстан Республикасының азаматтары болып танылды.
Өскемен қаласының полиция басқармасына Атырау облысы Гурьев қаласының тумасы, 69 жастағы әйел жүгінді. Ол 1953 жылы ата-анасымен Өскемен қаласына көшіп келген. Өскемен қаласындағы орта мектепті бітіріп, тұрмысқа шығып, балалы болған. Алайда, бүгінгі күнге дейін 40 жылдан астам уақыт бойы әйел 1974 жылғы төлқұжатымен өмір сүріп келген. Қазіргі уақытта ол баспанасыз жүрген және балалармен байланысын жоғалтқан. Көші-қон қызметіне жүгінген соң, қызметкерлер жеке куәлікті алу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті. 23 қарашада әйел көптен күткен құжатты алды және жасына байланысты зейнетақы рәсімдей алады.
Осыған байланысты қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береміз.