ШҚО-да жолда қалған жүргізуші полицейлерге алғыс білдірді
ШҚО-да жолда қалған жүргізуші полицейлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің «102» байланыс арнасына облыс орталығының тұрғынынан алғыс қоңырауы түсті. Азамат полиция қызметкерлерінің қиын жағдайда көрсеткен көмегі туралы айтып, ризашылығын білдірді.
Оқиға жақында Өскемен – Риддер тас жолында болған. Ер адамның көлігі істен шығып, жол бойында тоқтап қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері жағдайды байқап, дереу көмекке келіп, автокөлікті сүйреп жеткізуге жәрдемдескен. Осылайша, олар жүргізушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жағдайды шешуге ықпал еткен.
Азамат патрульдік көліктің нөмірін есте сақтай алмаса да, полицияға хабарласып, қызметкерлердің кәсібилігі мен жедел әрекетіне алғыс білдірген.
– Сіздердің экипаждарыңыз келді, өкінішке қарай, көліктің нөмірін қарауға үлгермедім. Бірақ олардың жұмысына ризашылығымды білдіріп, алғысымды жеткізгім келеді. Жігіттер жедел әрі кәсіби әрекет етті, – деді шығысқазақстандық.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті азаматтарға алғыс білдіріп, полиция қызметкерлері кез келген жағдайда көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін айтады.