ШҚО-да жыл басынан балалардың қатысуымен 35 жазатайым оқиға тіркелді
ШҚО-да жыл басынан бері балалардың қатысуымен 35 жазатайым оқиға тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 сәуірден 20 мамыр аралығында ШҚО аумағында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясы өткізілуде.
Осы іс-шара балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу, сондай-ақ балаларда көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруға байланысты дағдыларды нығайту мақсатында жүргізілуде.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қатысуымен болатын ЖКО алдын алу, оқушылардың жол қауіпсіздігі дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар жүргізішулердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын балалардың жарақаттану мәселелеріне аудару.
– Жылдың басынан бері облыста кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен 35 жазатайым оқиға тіркелді, онда ересектердің кінәсінен бір бала қаза тауып, 43-і түрлі дәрежедегі жарақат алды, – деді ШҚО ДП бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Акцияның бірінші күнінде мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің іргелес аумақтарын зерттеу барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін 17 нұсқама берілді. Мектептерде 150 баламен және 55 ата-анамен 205 әңгімелесу мен лекция өткізілді.
– Шара аясында жол қауіпсіздігі саласында 380 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 43-і жол қиылысынан өту, 122-сі жаяу жүргіншілер жолағынан өту, 25-і балаларды тасымалдау ережелерін бұзу, оның ішінде алдыңғы орындарда балаларды ұстап тұру құрылғысын қолданбағаны үшін 10 бұзушылық, маршруттық көліктерді тоқтату ережелері бойынша 3 бұзушылық анықталды, – деп атап өтті Закимов.