ШҚО-да жыл басынан бері 60-тан астам алимент төлемей жүргендер анықталды
ШҚО-да жыл басынан бері 60-тан астам алимент төлемей жүргендер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 ақпанда Үржар аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесіне алимент төлеуден жалтарып жүрген әкеге іздеу жариялау туралы жеке сот орындаушысының қаулысы келіп түсті.
34 жастағы облыс тұрғының кәмелетке толмаған жалғыз баласын асырап-сақтауға алимент төлеуге міндеттелген екен, алайда ол бір жылдан астам уақыт бойы әкелік міндетін орындаудан жалтарған. Осы уақыт аралығында оның шамамен 200 мың теңге қарызы жиналып қалған.
Көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері азаматты бір тәулікке жетпей-ақ анықтаған. Тәртіп сақшылары оны Қазақстанның оңтүстік астанасынан тапты.
34 жастағы ер адамның айтуынша, осы уақыт ішінде ол ресми жұмысқа орналаса алмай, кездейсоқ табыспен күнін көріп жүргендіктен, алимент төлей алмағанын айтқан.
Полицейлер әкесіне атқарушылық құжатты орындамағаны үшін ҚР ӘҚБК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік және ҚР ҚК-нің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы түсіндірді.
Енді тәртіп бұзушыдан қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады.
Өкінішке орай, бұл жалғыз жағдай емес, полиция қызметкерлері жыл басынан бері облыста осындай 60-тан астам алимент төлемеуден жалтарған азаматты анықтаған.