ШҚО полицейлері 11 адамды қар құрсауынан құтқарды
ШҚО полицейлері қала сыртындағы жолдарға шығуға тыйым салу туралы ескертулерге бей-жай қарамауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше күн бойы аймақтағы ауа райының қолайсыздығына, яғни қар, қатты жел, боран, жолды көру мүмкіндігінің нашарлауына байланысты облыстық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелерінде көлік құралдарының қозғалысына шектеулер енгізілді.
Осы жағдайда полицейлер құтқарушылармен және жол қызметтерімен бірлесіп автокөліктің қауіпті жол учаскелеріне шығуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Алайда қозғалыс шектеулерін елемей, өздеріне және жолаушыларының өміріне бей-жай қрайтындарда баршылық. Көп жағдайда олардың көлігі қар құрсауында қалып қалады және оларды құтқару үшін тәуекелге барып, ресурстарды жұмсауға тура келеді.
2 қаңтар күні кешке қарай Самар аудандық полиция бөліміне қарлы боранда Самар – Өскемен тас жолында бірнеше көліктің тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Кештен бастап өңірде жол учаскесін жабу туралы шешім қабылданған, алайда аталған жүргізушілер ауа райының қолайсыздығына және ескертуге қарамай, қалаға бару үшін, ауылдан шамамен 40 шақырымдай шығып кеткен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері оларды эвакуациялауға көмек көрсеткен, сондай-ақ Самар ауылына дейін шығарып салып, азаматтардың сонда орналасып, жылынуын қамтамасыз еткен. Барлығы 11 адам қар құрсауынан құтқарылды, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала.