Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері мереке күндері 1150-ден астам телефон хабарламасын қабылдады

СҚО полицейлері жаңажылдық мерекенің 3 күнінде 1150-ден астам телефон хабарламасын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер Жаңа жылды тойлаудың үш күніндегі жұмысын қорытындылады. 31 желтоқсанда, 1 және 2 қаңтарда “102” жедел арнасы бойынша 1154 телефон хабарламасы қабылданды. Олардың 369-ы полицияның жедел әрекет етуін талап етті.

Мереке күндерін полиция қызметкерлері барлық шұғыл әрекет ету мамандары сияқты күшейтілген режимде өткізді. Мақсаты – қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу және жедел ашу, сондай-ақ ұсақ құқық бұзушылықтарға “нөлдік төзімділік” қағидатын іске асыру.

– Нәтижесінде полицияға келіп түскен мыңнан астам хабарламаның 10-ы ұрлыққа қатысты; 3 алаяқтық; 38 – отбасылық жанжал болды. Сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 26 фактісі тіркелді. Барлық шақырулар бойынша қажетті шаралар қабылданды. Соңғы үш тәулік ішінде солтүстікқазақстандықтар көбінесе полицияға сағат 18-ден түн ортасына дейін және түнгі сағат 1-ден таңғы сағат 4-ге дейін қоңырау шалған, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Қайырбек Баймөнкенов.

31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында облыс жолдарында мас күйінде көлік жүргізген 5 жүргізуші ұсталды.

6 және 7 қаңтар демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері облыс орталығында, аудандарда және қала сыртындағы жолдарда және өңірдің автожолдарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, күшейтілген түрде қызмет атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру