ШҚО полицейлері бөтен адамға несие рәсімдеген алаяқты қолға түсірді
ШҚО полицейлері бөтен адамға несие рәсімдеген алаяқты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының Затон полиция бөліміне 32 жастағы Алматы қаласында тұратын шағын несие ұйымының директоры жүгінді. Ол 22 наурызда белгісіз тұлға танымал интернет сайттарының бірі арқылы Қызылжар ауданының 38 жастағы тұрғынының жекедеректерін пайдалана отырып, алдау жолымен Семей қаласындағы цифрлық техника дүкенінде тауарлық кредитті рәсімдеп, 200 мың теңге сомасына материалдық залал келтірілгенін хабарлаған.
Сол қылмыстық схеманы пайдаланып, қаскөй 2 сәуірде СҚО Петропавл қаласының 41 жастағы тұрғынының деректерін пайдаланып, 1 млн. теңге сомасына тағы бір несие ресімдеді. Жалпы шығын 1 200 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Семей қаласының 26 жастағы тұрғынын анықтаған.
Полиция оның бұрын сотты болмағанын және қазіргі уақытта жұмыссыз екенін анықтады. Жауап алу барысында қаскөй кінәсін мойындады.
Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Оның “ғаламтор алаяғының” басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.