Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері есірткі қойып кетумен айналысқан күдіктіні қолға түсірді

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері есірткі қойып кетумен айналысқан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шілде айының ортасында облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ШҚО ПД оқу-жаттығу взводының бөлімшесімен бірлесіп, Өскемен қаласы Карбышев көшесі бойындағы аулалардың бірінде жедел-іздестіру іс шараларын жүргізу барысында 21 жастағы есірткі қойып кетушіні ұстаған.

Қаскүнем бұрын Алматы қаласында тұрып, өзінің қылмыстық қызметін бастаған, содан кейін Өскеменге есірткі таратуды жалғастыру үшін келген, бірақ үлгермеген. Ұсталғалы тұрғанын көрген ол полицейлерден жасырынып, «жүктерден» құтылуға тырысқан. Өзінің қызметін интернет-дүкендердің бірінің көмегімен жүзеге асырып, үйлестірушінің нұсқауымен Өскемен жастары арасында одан әрі тарату үшін «қара тауар» алғаны белгілі болды.

Полиция қызметкерлері жеке тінту кезінде ұсталған азаматтың іш киімінен көк түсті изолентамен оралған бума, оның ішінде ұнтақ және түйіршік түріндегі зат салынған 30 буманы және шалбарының сол қалтасынан бір темекі қорабын, оның ішінен жасыл изолентамен оралған ұнтақ және түйіршік түріндегі зат салынған бір буманы тәркіледі. Сонымен қатар оқиға орнындағы подьездің кіреберісін тексеру барысында ішінде ұнтақ және түйіршік түріндегі заты бар 3 полимерлі бума салынған қара түсті барсетка табылып, тәркіленді.

Жүргізілген сараптама тәркіленген заттардың жалпы салмағы 25 грамнан асатын а-pvp есірткі заты екенін көрсетті. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.

Оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша квалифицияланады, аталған баптың санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру