Шымкент көшелерінде ойына келгенін істеген байкер сымақтар жазаланды
Шымкент көшелерінде ойына келгенін істеген байкер сымақтар жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнде мопед мінген 10 жас жігіт Арбатта жиналып, нағыз байкерлерге еліктеп, қаланы аралап шығуды ұйғарған. Жігіттер өздерін автожолдардың иесі сияқты сезініп, жол үстінде ойларына келгенін істей бастаған. Полиция департаменті жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы мопедистердің көптеген заң бұзушылық жасап жатқанын байқады.
ЖБО-ның кезекшісі оларды ұстау үшін патрульдік полицейлерге бағыт-бағдар берді.
Тәртіп сақшылары “шуылдақтарды” Байтұрсынов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында ұстады. Бейберекет жүруді ұнататындар ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабымен (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, олардың кейбіріне қатысты бастапқы жиналған орындарында темекі қалдығын және өзге де қоқысты тастағаны үшін ӘҚБтК-нің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша хаттама толтырылды.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін елемеу жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін екенін еске салады. Жолда жүру ережелерін қатаң сақтау апаттар мен адам шығынын болдырмаудың бірден-бір жолы.