ШҚО полицейлері мал ұрыларын қолға түсірді
ШҚО полицейлері мал ұрыларын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының аумағында мал ұрлығымен айналысқан барымташыларды анықтап, ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Аягөз және Тарбағатай ауданының 22 жастағы екі тұрғыны ұсталды, олар ағымдағы жылдың мамыр айының соңында қатарынан үш мал ұрлығын жасаған.
Ұрлықтың барлығы мал жайылымынан жасалды. Күдіктілер түнде қораға еніп, сол жерден қойларды ұрлап жүрген. Ұрланған малдың жалпы саны тоғыз бас.
– Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Т. Шаяхметов.
Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.