ШҚО полицейлері өскемендіктен ақша бопсалаған үшеуді құрықтады
ШҚО полицейлері өскемендіктен ақша бопсалаған үшеуді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың қаңтар айының соңында Өскемен қаласы Полиция басқармасы Үлбі полиция бөлімінің «102» жедел арнасына облыс орталығының 23 жастағы тұрғыны арызбен жүгінді. Арызданушы азамат оған түскі уақытта үш таныс емес жігіт зорлық-зомбылық көрсетеміз деп қорқытып, одан 30 мың теңге талап еткенін айтты. Жәбірленушінің қорқынышын пайдаланған қаскөйлер, оның атына құны 230 мың теңге тұратын смартфонға тауарлық несие рәсімдеген.
Арыз түскен бойы Полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, бейнебақылау камераларының көмегімен патрульдік полиция жасағы криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп «ізін суытпай» күдіктілерді анықтап, ұстады. Олар 22, 21 және 19 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Тергеу амалдары барысында күдіктілер кінәларын мойындаған.
Қазіргі уақытта қаскөйлер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.