ШҚО полицейлері жауынгерлік қарудан оқ ату жарысына қатысты
ШҚО полицейлері жауынгерлік қарудан оқ ату жарысына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жауынгерлік қарудан ату чемпионатына ПД жеке құрамынан және аудандық полиция бөлімдерінен 30-дан астам полицей қатысты.
Іс-шараның мақсаты – жауынгерлік және кәсіби дайындықты арттыру. Сонымен қатар кейде халықтың өмірі мен тәртіп сақшыларының өздерінің өмірлері де табельдік қаруды иелену және оны қажет жағдайда қолдану қабілетіне байланысты болатынын атап өткен жөн.
Чемпионат қорытындысы бойынша әйелдер арасынан ПД штаб бастығының орынбасары Жанар Мұхаметжанова үздік атанды, екінші орын – Тарбағатай ауданы ПБ аға криминалисті Сындар Бақтыбаева, үшінші қола орынды сол жағалау ПБ жедел уәкілі Алтынай Нұрланқызы иеленді.
Ерлер арасында бірінші орынды учаскелік аға инспектор Темірбек Хасенов, екінші орынды Өскемен қаласы ПБ кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Медет Жағабаев, үшінші орынды ПД ППБ қызметінің инспекторы Әсет Қалихан жеңіп алды.
Чемпионат жеңімпаздары грамоталармен және медальдармен марапатталды.