ШҚО-да полицейлер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жемқорлық мәселелерін талқылады
ШҚО-да полицейлер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жемқорлық мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 мамырда ШҚО Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен тәртіп сақшылары бірлескен семинар-кеңес отырысы өтті.
Іс-шара Полиция департаменті бастығының орынбасары Р. Унарбеков және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің Превенция басқармасының бастығы А. Бейсембаевтың басшылығымен өтті, оған Полиция департаментінің дербес бөлімдерінің басшылары, Өскемен қаласының Полиция басқармасы мен бөлімдерінің, Шығыс Қазақстан облысының аумақтық бөлімшелерінің бастықтары қатысты.
Кездесу барысында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына қатысты бірқатар мәселелер айтылды. Олардың ішінде агенттік өкілі мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізу туралы, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мәселелері туралы атап өтті.
Осы тұжырымдамаға сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар үшін сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігінен айырылды.
Парақорлық үшін жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бірден өтеуге тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойы тыйым салынады. Сонымен қатар, превенция басшысы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесін енгізу туралы хабарлады.
Сыйақы – пара мөлшеріне немесе келтірілген залалға байланысты есептеледі, сонымен бірге ең жоғары төлем төрт мың АЕК-ге дейін құрауы мүмкін. Агенттіктің мәліметінше, өткен жылы бір хабарлама үшін шамамен төрт млн теңге төленген.
Бүгінгі күні Полиция департаментінің басшылығымен құқық қорғау органдары қатарында сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесуге және алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда, соның нәтижесінде осы бағыттағы жағдайдың жақсаруы байқалады.
Бұған мысал ретінде осы жылы тәртіп сақшыларына пара ұсынып, жазадан құтылмақ болған бірнеше фактілердің орын алуын атап өтуге болады. Тәртіп сақшыларының қатарында сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі, бұл парақорлық фактілерін уақытылы анықтауға және алдағы уақытта өз жұмысын адал атқармайтын қызметкерлерден тазартуға, құқық қорғау органдарында қызмет атқаруына жол бермеуге ықпал етеді.
– Біз ішкі істер органдарының қызметкерлерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және азаматтардың елдегі құқық тәртібі күзетінде тұрған полицияның адалдығы туралы сенімін қалыптастыру ісінде әріптесті көріп отырмыз – деп атап өтті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің Превенция басқармасының бастығы Архат Бейсембаев.