ШҚО тұрғыны үйінде марихуана сақтаған
ШҚО тұрғыны үйінде 200 грамнан астам марихуана сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері есірткі сақтаған азаматты ұстаған. Алтай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу барысында есірткі заттарын сақтады деген күдікпен 57 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстаған.
Оның үйіне тінту жүргізу кезінде тәртіп сақшылары түбі кесілген бөтелкені, қағаз пакетті және өсімдік тектес ерекше иісі бар жасыл түсті зат салынған полиэтилен пакетті тауып, тәркілеген. Сараптама көрсеткендей, қылмыскер 208 грамм кептірілген марихуананы сақтаған. Қаскөйге қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ер адам 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жазаға кесілуі мүмкін.