Шулы басқосуларды ұнататын Петропавл тұрғыны мәжбүрлеп емдеуге жіберілді
Түнгі уақытта тыныштықты бұзу Петропавлдың көптеген аудандарының тұрғындары үшін мәселе болып отыр. Жаз келісімен жастардың басқосулары жиілеп, шақыртулар көбейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айының басында полицейлер студенттер тобын жауапкершілікке тартты, олар тәуліктік жалға тапсырылатын пәтерлердің бірінде туған күн жасаған, кеш спирттік ішімдіксіз болғанымен, шулап, көршілердің демалуына кедергі келтірген.
– Пәтер бюроларының әкімшілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Учаскелік полиция инспекторлары мас клиенттерге пәтерді жалға бермеуге кеңес беріп, түнгі уақытта пәтердегі у-шуға жауапкершілік қарастырылатынын түсіндіреді. Тағы бір маңызды ұсыныс – ТЖ режимінің алынып тасталғанымен, карантиндік ережелер әлі де сақталғанын және жалға тапсырылған пәтердегі кез келген компания қауіпті инфекция жұқтырудың ошағына айналуы мүмкін екендігін тұрғындардың естеріне салу.
Мәселені шешудегі негізгі шара – шулы тұрғындарды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабы (тыныштықты бұзу) бойынша жауапкершілікке тарту болып табылады. Әдетте бес айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салу бұзақыларды сабаларына түсіреді. Көбінесе алкогольдік ішімдікке әуес жандар тартылып жатады. 1983 жылғы қалалық өз пәтерінде тұрақты түрде бөтелкелестерін жинап отырған. Оны тіпті айыппұл да тоқтатпаған, нәтижесінде бауыры арызданып, учаскелік полиция инспекторларына материалдар жинап, ер адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберуге мүмкіндік берді. Сонымен полицейлерге жақсы таныс мекенжайдан шақыртулар да тоқтады.
Жыл басынан облыста тыныштықты бұзу фактілері бойынша 911 хаттама толтырылды. Оның негізгі бөлігі Петропавл қаласының үлесінде: 730 факті. СҚО аудандарының арасындағы ең «шулы» аудандар – Тайынша, Ақжар және Жамбыл. Сәйкесінше 32, 29 және 28 шақыртулар келіп түскен.