Шығын көлемі – 437 млн теңге: Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған топ анықталды
Түркістан облысында полицейлер құмды заңсыз өндірумен айналысқан топты анықтады. Олар мемлекетке 437 млн теңге көлемінде шығын келтірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер Түркістан облысы Келес ауданы аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты.
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пайдалы қазбаларды (қиыршық тасты) өз бетінше сатқан 4 күдіктіні ұстады. Келтірілген залал 437 миллион теңгені құрады.
Тәртіп сақшылары тінту кезінде күдіктілерден 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, 4 жүк көлігі және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып, тәркілеп алды.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды және болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.