Шығыс Қазақстан облысында әйел адам түзеу мекемесіне тыйым салынған заттар әкелген
Шығыс Қазақстан облысында сәлемдеме әкелген әйел колонияға телефон мен алкоголь кіргізбек болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
32 жастағы әйел досына шайдың ішіне ұялы телефон салып, ал бір литрлік қағаз орамадағы шырынның ішіне алкоголь құйып, кіргізуге тырысты.
Телефон мен алкогольді тексеру кезінде колония қызметкерлері тауып алып, тәркіледі.
– Әйел адам колонияда жазасын өтеп жатқан досына телефон мен алкоголь кіргізбек болды. Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабының 1-бөлігіне (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға осы мекемелерде сақтауға және пайдалануға тыйым салынған алкогольдік ішімдіктерді, дәрілік және есеңгірететін әсері бар басқа да заттарды, ақшаны, тамақ өнімдерін, бұйымдарды және басқа да нәрселердi жете тексеруден жасырып беру немесе кез келген тәсiлмен беруге әрекеттену) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жиналды, – деді ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Зиянов.
Айта кету керек, жыл басынан бастап колония қызметкерлері тыйым салынған заттарды колония аумағына лақтыру және алып өту фактілерінің бірнеше дерегінің алдын алды.