Шығыс Қазақстан облысында шетелдіктерді тексеру жалғасуда
Шығыс Қазақстан облысында шетелдіктерді тексеру жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлері базарларды, сауда үйлері мен қызмет көрсету салаларын тексеруде.
Өскеменде тәртіп сақшылары кезекті тексеру барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактісін анықтады.
Мәселен, Өзбекстан Республикасының 6 азаматы әкімшілік ғимаратты жөндеу бойынша рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.
- Өскемен қаласының сотымен олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша 25 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін ғимарат иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК - нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік материал толтырылды, - деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
ШҚО ПД көші-қон қызметі еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдік азаматтарға тиісті рұқсат ресімделуі қажет екенін еске салады.
"Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы 17 наурызға дейін жалғасады.