Шығыс Қазақстанда заңсыз жұмыс істеген 4 шетелдік азамат елден шығарылды
Шығыс Қазақстанда заңсыз жұмыс істеген 4 шетелдік азамат елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шетелдіктерге тиісті көші-қон бақылауын қамтамасыз ету мақсатында көші-қон қызметі бөлімшелерінің қызметкерлері тұрақты негізде уақытша және тұрақты тұратын шетел азаматтарын тіркеу мекенжайларын, сондай-ақ қабылдаушы тұлғалардың оларда шетелдіктердің болуы туралы хабарламаларының болуын тексеру бойынша жұмыс жүргізеді.
– Шілде айында көші-қон қызметінің қызметкерлері жеке секторды тексеру барысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жеке үй салумен еңбек қызметін жүзеге асырған Өзбекстан Республикасының 4 азаматын анықтады, – деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Ринат Шкибаев.
Келу мерзімдерін бұзғаны және заңсыз еңбек қызметі үшін шетелдіктер сот шешімімен Қазақстан Республикасынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдіктерге 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынады.
– Жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және шетелдіктердің келгені туралы хабарламағаны үшін әкімшілік кодекстің екі бабымен жауапқа тартылды, ол мемлекет кірісіне 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, – деп сөзін толықтырды Ринат Шкибаев.
Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасы көші-қон саласында бұзушылықтар анықталған жағдайда, яғни еңбек қызметін жүзеге асыру және елде рұқсатсыз тұрып жатқан шетел азаматтары, сондай-ақ оларды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.