Шымкент полицейлері алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтті
Шымкент полицейлері алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қараша айының 7-18 күндері аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы және Әуезов жастары қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қаржылық және интернет алаяқтықтың алдын алу» мақсатында жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Аталған іс-шара бүгін Шымкент қалалық кардиологиялық орталығында және Орталық Азия инновациялық университетінде өтті. Кездесу барысында Шымкент ҚПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Алишер Айсаев медицина саласының қызметкерлеріне және білімгерлерге интернет алаяқтардың кең тараған айла-тәсілдері мен олардың құрбанына айналмаудың жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері сізге қоңырау шалып, ақша аударымын жасауды талап етпейтінін және жеке мәліметтерді сұрамайтынын ескертті. Алаяқтардың ақшаңызды еселеп беремін деген бос уәдесіне сенбеуге шақырып, тыңдаушыларға ақпараттық жадынамалар таратылды.
Жиын соңында тыңдаушылар өз пікірі мен ұсыныстарын білдіріп, толғандырған сауалдарын жолдады. Полиция қызметкерлері алаяқтық туралы ақпарат біле жүру артық етпейтінін айтып, сұрақтарға тиісті жауап қайтарды. Тәртіп сақшылары аталған қылмыстың куәсі немесе құрбаны болған жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет екенін ескертеді. Дер кезінде полицейге жүгіну – қылмыстың ізін суытпай ашуға септігін тигізеді.