Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД музейінде жас полиция қызметкерлеріне ерлік сабағы өткізілді

СҚО ПД музейінің 33 жылдығына орай жас полиция қызметкерлеріне ерлік сабағы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Солтүстікқазақстандық полицияға қызметке жаңа келген жас қызметкерлер үшін ведомстволық музейдің 33 жылдығына орай ерлік сабағы өткізілді. Кездесуге ішкі істер органдарының еңбек сіңірген ардагерлері, басшылық, сондай-ақ учаскелік инспекторлар қызметіне, патрульдік полицияға, Жедел басқару орталығына қызметке орналасқан жас инспекторлар шақырылды.

Ведомстволық музейдің туған күні – 1989 жылғы 9 қараша. Бүгінде музейді облыс полициясының мәдени өмірінің жүрегі деуге болады; мұнда жас офицерлер мен сержанттарға қызметтік куәліктер беріледі, атаулы күндерге орай кездесулер өткізіледі. Облыс тұрғындары мен қонақтарына үнемі экскурсиялар ұйымдастырылады. Мұражайдың тұрақты меңгерушісі – отставкадағы полиция подполковнигі Любовь Осинская және қорлардың сақтаушысы Нина Бенграф.

Музейдің 33 жылдығына арналған салтанатты кездесуге ішкі істер органдарының ардагерлері отставкадағы подполковник Зинаида Трусова, полковник Бейсенбай Кимикпаев, сондай-ақ 1990 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан майор Алексей Щербаковтың қызы Наталья Щербакова шақырылды. Ардагерлер өз қызметтері туралы айтып, тәжірибе барысындағы қызықты сәттерімен, жетістіктерімен бөлісті. Қызметтегі келеңсіз жәйттер аз болуы үшін не істеу керектігі туралы әңгімеледі. Бейсенбай Кимикпаев мамандық таңдауда оған әсер еткен көркем кітаптардың авторлары туралы айтты. Зинаида Трусова бүгінде жазушы, солтүстікқазақстандық қылмыстық іздестіру жұмысы туралы бірнеше кітаптар мен альбомдардың авторы.

1990 жылдың күзінде Жұмысшы кентінде кезекті шақыртуға барған учаскелік инспектор полиция майоры Алексей Щербаковтың қауіпті ұстарамен ауыр жарақат алуы туралы әңгімені қатысушылар көзіне жас алып тыңдады. Офицер алған жарақаттан қайтыс болды. Жас полиция қызметкерлері Алексей Константиновичті бір минут үнсіздікпен еске алды. Офицердің қызы Наталья Щербакова шам жағып, әкесін еске алуға арналған көрмеге гүл шоқтарын қойды.

Кездесу Бірінші қалалық полиция бөлімінің қызметкері Мейірман Төлебаевтың сөздерімен аяқталды. 2021 жылдың соңында өмірін қауіпке тіге отырып, өзенге батып бара жатқан екі адамды құтқарды. Ел Президентінің Жарлығымен өжеттілігі мен жанқиярлығы үшін полиция қызметкері “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Лейтенант әріптестеріне сол күні басынан өткергенін айтып, сұрақтарға жауап берді.

СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлованың айтуынша, мұндай кездесулер жас қызметкерлер үшін мәдени-патриоттық тәрбие беруде маңызды. Бұл ардагерлер үшін де өте маңызды. Солтүстікқазақстандық полиция музейі құрылған уақыттан бастап әр жылдары 3 мыңға жуық экскурсия өткізілді, оған әр түрлі жастағы 50 мыңнан астам келушілер қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру