Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ардагерлердің отбасын назарсыз қалдырған жоқ
Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Ералы Жумаханбетов ҰОС ардагерлерінің отбасын құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қарабай Қалтаевтың қызы Нұржамал Қалтаеваның және Василий Мухачевтың қызы Надежда Наумцованың үйлеріне барып, гүл шоқтарымен сыйлықтарды табыстап, ардагерлерді еске алды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қарабай Қалтаев – 1923 жылы 5 мамырда Шымкент облысы Ленгір ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыстың ызғарын ерте сезінген Қарабай не бары он тоғыз жасында 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, әуе десанттық, атқыштар дивизиясында ерлік көрсетеді. Немістердің екі орудиясын, екі танкісі мен екі қол пулеметін және 25 гитлершілердің көзін жояды. 1945 жылы Нейстен Эльба өзені аралығындағы ұрыста да ерекше көзге түсіп, І дәрежелі Даңқ орденіне ие болады. Даңқ ордендерінің толық Кавалері Қарабай Қалтаев соғыстан 1947 жылы наурыз айында елге оралды.
Шымкент қалалық комитеті оны ішкі істер органдары қызметіне жіберді. Қатардағы милиционер, кейін учаскелік инспектор сынды түрлі қызметтерді абыроймен атқарған. Соғыстағы марапаттарына бейбіт күнде алған «Милиция үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» және тағы басқалары қосылды. Ішкі істер органдарының қатарында үздіксіз отыз жыл қызмет етіп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан.
Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Афанасьевич, Сталинград түбінде Мәскеу үшін соғысқан. Сол жылы сарбазды Карело-Фин майданына жіберген. 1946 жылы В.А. Мухачев Алматыға келіп, ары қарай да Отан алдындағы парызын өтеу мақсатында ішкі істер органдарына қызметке орналасқан. Кейін Шымкент қаласындағы құзырлы органның біріне ауысты. Василий Афанасьевич құқық қорғау саласындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан соңғы ардагер 2019 жылы 97 жасында өмірден өтті.
Ардагерлердің тұыстары көрсеткен құрметі мен сый-сияпаты үшін полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтты.
ҰОС ардагерлерін бүгінгі Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ешқашан ұмытпайды.