Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ерлігі естен кетпейтін ардагер-полицейлер

Алматы облысының тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында қызмет еткен көзі тірі екі соғыс ардагеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген бес тұлғаға, соғыс ардагерлерінің алты жұбайы мен тылда еңбек еткен 12 ардагерге ұлы мереке қарсаңында құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талай жыл “толарсақтан саз кешсе де”, өмір мен өлімнің арпалысынан аман келген Сембек Кожахметов биыл 95 жасқа толды. Ол – Жаркент өңіріне ғана емес, Алматы облысына қадірменді қария, сұрапыл соғысты көрген Алматы облысындағы ішкі істер органының көзі тірі жалғыз ардагері.

Сембек Кожахметов 1925 жылғы 25 қазанда дүниеге келген. 1942 жылы мектеп қабырғасында жүрген 17 жастағы бозбала Кеңес армиясы қатарына алынған. Ворошилов қаласындағы кіші командир курсын бітірген соң, Сталинград майданына шайқасқа кіріп, одан әрі Ленинград қаласын қорғауға қатысты. Осыдан соң 1945 жылға дейін фашистік басқыншыларға қарсы соғысып, 1945 жылы фашистік Германия тізе бүккен соң, Қиыр-Шығыс майданына жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанған. Аталған шайқаста жаудың взвод амбразурлар шептерін талқандап, жаяу әскерге жол ашуды жүзеге асырды. С. Кожахметов ержүректік, табандылық пен сирек кездесетін қабілеттерді көрсеткен. Ұрыс кезінде бірнеше жарақат алған. Шайқаста батырлық пен ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Берлинді алғаны үшін”, “1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” және басқа медальдармен марапатталды.
Ол 1951 жылы әскерден еліне оралған. 1951 жылдан 1976 жылға дейін ішкі істер органдарында түрлі қызмет атқарды. ІІО қатарындағы қызметі үшін “Ел игілігіне еселі еңбегі”, “1,2,3 дәрежелі ІІО-да мүлтіксіз қызметі үшін”, “Қоғамдық” тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен қатар көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Танирберген Толганбаев 1923 жылғы 7 мамырда Талдықорган облысы, Аксу ауданы, Аксу ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.


1934 жылы Аксу қазақ орта мектебін бітіріп, 1942 жылы 19 жасында Кеңес әскер қатарына алынған. Армян округінің Ішкі істер министрлігінің шекара іскерлерінде жасақ командирі болып қызмет етті. Кіші лейтенант атқыштар взводының командирлігіне дейін көтерілді және Днепр үшін болған шайқаста өз атын өшпес даңққа бөледі. Германия Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін, “Ерлігі үшін”, “Кеңес милициясына 50 жыл” медальдарымен қатар көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Соғыстан елге аман-есен оралғаннан кейін Талдықорған облысы, Аксу ауданының ішкі істер органдарында 1951 жылдан бастап ширек ғасыр қызмет етіп, зейнетке шықты. Қазіргі таңда немере-шөберелерінің ортасында елінің қошеметіне бөленіп, ғұмыр кешіп келеді.

Нурдаулет Кинербаев 1924 жылы 15 қаңтар Алматы облысы, Каскелен ауданында дүниеге келді. 1942 жылы қыркүйекте Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, НКВД-ның 20-бригадасының құрамында Пенза қаласындағы оқу орталығында оқыды. Содан кейін 1942 жылы желтоқсанда ол 136 атқыштар полкына ауыстырылды.


Қызыл-ту девизиясының Ленин орденімен, Германия Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін, “Ерлігі үшін”, ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталды. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Ф.Е.Держинский дембелдік қатарында 1949 жылғы 8 қаңтарға дейін қызмет атқарды.


Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралғаннан кейін Алматы облысы, Каскелен ауданында 1951 жылдан бастап 25 жыл бойы ішкі істер органдарында түрлі қызметтер атқарған. Ардагер 1998 жылы өмірден өтті.

Калтай Ибраимов 1924 жылы Талдықорған облысы, Каратал ауданында дүниеге келді. 1942 жылы 18 жасында армия қатарына шақырылды. Қазақ жігітінің алғашқы от кешіп, сынға түскен жері Сталинград түбіндегі шайқастар еді. Сол жерде жараланып, 1943 жылдың қыркүйегіне дейін емделді. Қайтадан қатарға қосылып, 12-гвардиялық дивизиясы сапында Дмитров қаласын азат ету шайқасына қатысты. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін “Қызыл-ту” орденімен марапатталады. Кеңес төре алқасының жарлығымен 1945 жылы мамырдың 9 жұлдызында Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Ол І-дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдарымен қатар көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Қалтай Сағынайұлы 1946 жылы Талдықорған облысы ішкі істер органына жедел қызметкер болып тағайындалып, 14 жыл қызмет етеді. Біліктілігі мен тәжірибесі мол қызметкерге 1961 жылы Сарканд ауданының ішкі істер органын басқару сеніп тапсырылады. 1969 жылы денсаулығына байланысты зейнетке шыққан ардагер қоғамдық өмірде өте белсенді болған. Соғыс ардагері Қалтай Ибраимов 1979 жылы 55 жасында қайтыс болды.


Оның бейбіт өмірдегі еңбегі де лайықты бағаланып, “Құрмет белгісі” ордені, Қазақ КСРО Жоғары кеңесінің грамотасы берілді.

Карим Абулхатаев 1925 жылы 4 қаңтарда Гурьев облысында дүниеге келген. Өзінің қайсар мінезі мен алғырлығының арқасында ол соғысқа дейін мектеп бітіріп, колхозда есепші болған.
Соғыс басталғанда 18 жастағы бозбала қару ұстап, майданға кеткен. Ол ержүректік пен табандылық көрсетіп, Ленинград қаласын қорғауға қатысты. Жауынгерлік қызметі, батырлық пен ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз”, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” наградаларымен марапатталды.


Елге оралған соң жоғары білім алу мақсатында Алматы қаласына келді. Білім ала жүріп, оқу орындарында ұстаздық қызмет еткен. 1951 жылы Алматы облысындағы Іле ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып ауысқан. Содан қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті сабақтарының мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет еткен.
1962 жылы ішкі істер органына қызметке келіп, 21 жыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан. Мінсіз қызметі үшін “Ел игілігіне еселі еңбегі”, “1,2,3 дәрежелі ішкі істер органдарында мүлтіксіз қызметі үшін”, “Қоғамдық” тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен және көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ардагер Карим Абулхатаев 1997 жылы 72 жасында өмірден озды.

Облыстық тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында қызмет еткен көзі тірі екі соғыс ардагеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген бес тұлғаға, соғыс ардагерлерінің алты жұбайы мен тылда еңбек еткен 12 ардагерге ұлы мереке қарсаңында құрмет көрсетті. Отан алдындағы өлшеусіз еңбегі үшін аталған ардагердерге Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына орай облыстық Полиция департаменті тарапынан сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру