Шымкентте «Автобус» іс-шарасы барысында 250-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Шымкентте «Автобус» іс-шарасы барысында 250-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент ҚПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 7 маусымынан бастап «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсаты – қала аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Шымкент қаласы бойынша іс-шараның екі күнінде 244 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Іс-шара өткізу кезеңінде Шымкент қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы, Шымкент қаласы Әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Көлік прокуратурасы қызметкерлерімен бірлескен мобильдік топтар құрылып, Патрульдік полиция полкінің автоэкипаждарымен жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктер тексерілді.
Рейдке шыққан жол инспекторлары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандар: маневр ережесін бұзған – 76, ұялы телефон пайдаланған – 56, техникалық байқаудан өтпеген – 36 жүргізушіге хаттама толтырды. Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кету – 27, жолаушыларды, багажды және заттарды тасымалдау ережесін бұзған – 27, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 10, рейс алдындағы техникалық және медициналық қарап тексеруден өтпеген – 12, міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзған – бір жүргізуші анықталды. Айыптұраққа бір автобус қойылды.