Шымкентте белгіленбеген орындарда сауда жасағандар анықталды
Шымкентте белгіленбеген орында сауда жасағандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданы ПБ қызметкерлері аудан аумағындағы белгіленбеген орындарда сауда жасаушыларға кезекті бақылау жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында Төле би көшесі бойында шаһар көркін бұзатын ретсіз сауда орындары анықталды. Әкімшілік аумаққа жауапты №30 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері ретсіз саудамен айналысып жүрген азаматтарға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасады.
Қалаға жақын елді мекеннен келіп сауда жасаушыларға ӘҚБ туралы заңнаманың негізгі баптары түсіндіріліп, қала аумағындағы базарлар мен жәрмеңкелердегі орындарда сауда жасау керек екені ескертілді.
Негізінен, заңсыз сауда жасаушылардың дені – азық-түлік өнімдері, тоқаш пен сүт өнімдерін сатушылар. Ал заңды талапқа бағынбай бірнеше рет әкімшілік құқық бұзған азаматтарға хаттама толтырылып, әкімшілік шара көрілді.