Шымкентте бір аптада 229 қылмыс тіркелді
Шымкентте бір аптада 229 қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте 27 маусым мен 3 шілде аралығында 229 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 67 ұрлық, 62 алаяқтық, бес бұзақылық, алты тонау мен үш денсаулыққа ауыр зиян келтіру және 17 есірткімен байланысты қылмыс тіркелген. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде орын алған қылмыстардың 66,8 пайызы ашылды.
Мәселен, Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері жергілікті тұрғынды ашық түрде тонауға оқталған азаматты ұстап, қамауға алды. Өз кезегінде оңай жолмен ақша табуды көздеген азамат алдын-ала жоспар құрған. Күдікті ер адам өзінің қылмыстық жоспарын көше бойынан көрген қызға асырмақшы болады. Содан жасөспірімнің артынан барып, оның мойнында тұрған бағалы әшекейін алу мақсатында күш қолданған. Алайда жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан жолаушылар күдіктінің теріс әрекетіне жол бермеген.
Аталған жайт ҚР ҚК 24-191-бабы (Тонауға оқталу) бойынша тіркелді.
Нәтижесінде, қылмыскер 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, қылмыстардың басым бөлігін құрайтын ұрлықтың ішінде 10 пәтер ұрлығы тіркелген. Осы тектес қылмыстардың басым бөлігі тәуліктің түнгі уақыттарында орын алуда. Абай және Қаратау аудандарында пәтер ұрлығы көбірек тіркелген.
Қазіргі таңда олардың алдын алу мен ашу бағытында полиция үздіксіз жұмыс атқаруда.
– Сонымен қатар, алаяқтық қылмысының ішінде интернет арқылы жасалатын алаяқтық жайты артып отыр. Соңғы аптада қаламыздың 10 тұрғыны осы қылмысты кәсіп еткен алаяқтарға алданды. Қазіргі таңда тіркелген істермен жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл қылмыстардың көпшілігі Instagram, Kolesa, OLX, Krisha.kz әлеуметтік сайттары мен Kaspi.kz, Eurasia, Halyq интернет-банкингтерін қолдану арқылы жасалатынын естеріңізге саламыз, – деді полицияда.
Осы орайда полицейлер мегаполис тұрғындарын қандай да бір қылмыстың, заңбұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда, тез арада орын алған жайт туралы 102 арнасына хабар беруді сұрайды.
Ал жол қауіпсіздігі бойынша жалпы тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптарымен 5000-нан астам хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: жалған мемлекеттік белгісін орнатып басқару – 3, күн көзінен күңгірттеу – 361, қарама-қарсы бағытқа басқару – 2, мас халде көлік басқарған үш жүргізуші анықталды. Сондай-ақ, 72 автокөлік айыптұраққа қойылды.