Шымкентте бір тәулікте 156 автобус жүргізушісі жол ережесін бұзған
Шымкентте бір тәулікте 156 автобус жүргізушісі жол ережесін бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау мақсатында 21 ақпаннан бастап республика көлемінде «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара кезінде жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асырудың заңдылығына, жүргізушілердің қажетті құжаттарының болуына, жүргізушілерді рейс алдында медициналық тексеруден өтуін және автобустардың техникалық жай-күйін тексеру, тахографтардың болуы, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, техникалық байқаудан өтуіне, автобустар иелерінің азаматтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі міндеттерді орындауға ерекше назар аударылуда.
Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде Шымкент қаласының Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол-көлік тәртібін арттыру және жол жүру ережелерін сақтау бойынша жүргізушілермен профилактикалық әңгіме өткізді. Қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты 156 құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабы бойынша (Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу) – 12, ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша (Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен (техникалық нормативтерден) асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану) – 11, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) – 10, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) – 15, ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы бойынша (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) – 60, ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабымен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) – 13 жайт бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Осындай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді.