Шымкентте өзгенің скутерін көтеріп алып кеткендер ұсталды
Шымкентте бөтеннің скутерін көтеріп алып кеткендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлықтың ерекше тәсілі қаланың Әл-Фараби ауданының аумағында түнгі уақытта болған. Басына шлем киген үш белгісіз тұлға мотокөлікті тұрған орнынан қозғалта алмай, көтеріп алып кеткен.
Скутерін кафенің жанында қалдырған тұрғын, оның жоғалғанын біле салысымен дереу полицияға хабарлаған. Жәбірленушіге жарты миллион теңге көлемінде шығын келтірілді.
Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Күдіктілер екі тәулік ішінде қолға түсті. Олар 18 және 20 жастағы үш жергілікті тұрғын болып шықты.
Өзгенің скутеріне олар бұрыннан көз салып жүргендері анықталды. Ұрланған мотороллерді бөлшектеп үлгерген екен.Қазіргі таңда жайт бойынша тергеу жүргізілуде.
Полиция механикалық және электронды қауіпсіздік құрылғыларын қолдана отырып, екі дөңгелекті көлікті қорғауды дұрыс ұйымдастыру арқылы ұрлықтан сақтана алатыныңызды еске салады.