Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция ірі сауда орталықтарын тексеруді бастады

Қостанайда полиция ірі сауда орталықтарын тексеруді бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11 және 12 сәуірде Kostanay Plaza және MART сауда орталықтарының бейнебақылау, құлақтандыру жүйелері, штаттан тыс жағдайларға ден қою тетігі және дабыл батырмаларының тиімділігі тексерілді. Бұл ретте эвакуация схемасына, баспалдақтарға және апаттық шығу есіктеріне ерекше назар аударылады.

Қостанай облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сауда орталық басшылары мен қызметкерлеріне террористік сипаттағы қатерлер кезінде іс-қимыл тәртібін түсіндірді.

– Біз террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын бақылауды жүзеге асырамыз. Жыл басынан бері осындай 136 нысан тексерілді. Оларға стратегиялық, өндірістік және қорғалатын объектілер, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілер жатады, – деп атап өтті басқарманың аға жедел уәкілі Амангелді Бапинов.

Оларда өткізу режимі және қауіпсіздік жабдықтары болуы керек.

Объектілердің басшылығы мен персоналы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және оқу іс-шараларына қатысуға міндетті. Тексеру нәтижелері бойынша полиция ұйымдардың басшылары мен иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы 40 ұйғарым шығарды.

10 басшы террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы екеуі нұсқаманы орындамағаны және ҚР күзет қызметі саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жазаланды.

Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 3,5 миллион теңгені құрады. Ведомствода қызметкерлер және келушілер үшін қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету қажеттігі туралы еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру