Қостанай облысында полицейлер мен жас жол инспекторлары профилактикалық рейд өткізді
Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері, жас жол инспекторлары балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық рейд өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер мен жас инспекторлар оқушыларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін еске салып, жүріс бөлігінен қалай дұрыс өту керектігін түсіндірді. Сондай-ақ көлік құралдарының маңында мұқият әрі сақ болуға шақырды.
Іс-шара барысында балаларға тақырыптық боямақтар таратылды. Бұл балаларға жол қозғалысы ережелерін қызықты әрі қолжетімді түрде меңгеруге және білімдерін бекітуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар рейдке қатысушылар дауыс зорайтқыш құрылғы арқылы жас жаяу жүргіншілерге үндеу жасап, жолды тек белгіленген жерлерден және қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өту қажеттігін еске салды.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – ересектер мен жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі! Қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін бала кезден қалыптастыру қажет.
