Шымкентте дүкеннен киім ұрлаған әйел үш жылға сотталды
Шымкентте дүкеннен киім ұрлаған әйел үш жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотында Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ол Шымкент қаласының аумағындағы ірі сауда үйінен бірнеше рет киім ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Аталған азаматша сауда орнындағы киім-кешек сататын дүкендерді аралап жүріп, сату залынан 21 футболканы алып, олардың әрқайсысының арнайы алармаларын (магниттерін) жұлып тастаған. Содан дүкен ішінен киімдерді өзінің сөмкесіне салып, жасырын білдірмей алып шыққан. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 700 мың теңгені құрап отыр.
Тергеу барысында азаматшаның өзі ұрлаған киімдерді базарға апарып, бейтаныс адамдарға сатқаны және одан түскен ақшаны жасөспірім баласының ем-домына жұмсағаны белгілі болды.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өкінетінін жеткізген.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескере келе, азаматшаға «бас бостандығынан айыру» түріндегі жазаны қолдану қажет деп тауып, 3 жылға үкім кесті.