Шымкентте карантин режимін сақтамаған кезекті лоунж-бар анықталды
Шымкентте карантин режимін сақтамаған кезекті лоунж-бар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданының полицейлері Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан лаунж-бардың карантиндік талаптарды бұзып, сенбі күні түнгі 23:04-те келушілерді қабылдап, қызмет көрсеткенін анықтады. Аталған мекеме «Ашық» бағдарламасына тіркелмей, 17:00- ден кейін жұмыс жасап жатқаны және бес үстелде тұтынушылардың қор-қор тұтынып отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар қызметкерлер келген қонақтардың дене қызуын тексермей кіргізіп, оларға медициналық бетпердесіз қызмет көрсеткен.
Аталған жайт бойынша жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.