Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көпірден секірмек болған әйелді түркістандық жедел уәкіл құтқарып қалды

Түркістандық жедел уәкілдің шапшаң әрекетінің арқасында көпірден секірмек болған келіншек құтқарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер күні-түні елдің амандығы мен халықтың тыныш ұйқысы үшін демалыссыз қызмет етеді. Ең қиыны олар үйлерінен шыққанда алдарында не күтіп тұрғанын білмейді. Сондықтан бұл сала – батырлықты, қайсарлықты, шыдамдылықты талап етеді.

Мәселен, осындай ірілі-ұсақты қылмыстарды болдырмау, алдын алуда түркістандық полицейлер өз өмірімен қоштасып, көпірден секірмек болған жас әйелді аман алып қалды.

Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына “102” телефоны арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, көмек сұрайды. Яғни, әйел жыларман күйде өзінің 22 жастағы сіңлісі Қызылорда тас жолы бойындағы көпірден секірейін деп жатқанын, соған бауырын құтқаруға жәрдем етулерін өтінеді. 

Тәртіп сақшылары әйелдің сөзіне жедел ден қойып, оқиға орнын анықтап, қол ұшын созуға бірден аттанады. Осы күні қызметте болған полиция лейтенанты жедел уәкіл Ерсұлтан Нұралыұлы жас әйелді көпірге мініп, өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте тұрған жерінен бірінші көреді де, биіктен секірмек болған әйелдің жанына жақындайды. Оны аман алып қалуға қажетті шараларды іске асырады. Дереу әрекетке көшіп, қызға күдік тудырмау үшін көпірге жасырын мініп, ту сыртынан келіп, көпірден бір аяғын шығарып ілініп тұрған қызды мықтап ұстап алады. Қарсыласып қайта секірмекші болған қызды арпалыспен құтқарып, соңында қауіпсіз жерге шығарады. Осылайша Түркістан ҚПБ полицейінің шұғыл іс-әрекеттері мен қырағылығы арқасында, көпірден құламақ болған 22 жастағы азаматша дін аман қалды.

Тексеру барысында өз өмірін қимақ болған жас әйел жақын арада тұрмысқа шыққан болып шықты. Белгілі болғандай, отбасылық кикілжіңнен соң суицид жасамақшы болған. Алайда жедел уәкіл Ерсұлтанның жеделдігі мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде барлығы жақсы аяқталып, ол әпкесіне аман-есен табысталды. Онымен моральдық –психологиялық әңгімелесу ұйымдастырылып, көмек берілді.

Өз кезегінде қыздың әпкесі полицейлерге шынайы ризашылығын білдірді.

– Түнгі сағат 23:00 шамасында сіңлім телефоныма хабарласып, өмірден түңілгенін айтты. Қайдасың олай жасама деп, оның тұрған жерін біліп алдым. Содан 102-ге хабарласып, полицейлерден көмек сұрадым. Өзімде жүгіріп оқиға орнына жеттім. Сөйтсем осы бірнеше минут аралығында полицейлер жедел келіп, мен келем дегенше сіңлімді құтқарып алыпты. Үлкен рақмет айтамын полицейлерге, оның ішінде Ерсұлтан Қуанышқа. Және генерал Қайрат Дәлбековке алғыс. Осындай қиын сәтте полицейлер қорғанымыз екеніне көзім жетті. Ризамын! Алла разы болсын! Жұмыстары алға бассын!, – деп атап өтті.


Ал, полиция лейтенанты Ерсұлтан Нұралыұлы болса:

– Бұл біздің – міндетіміз. Әрбір Қазақстан Республикасы азаматының амандығын қамтамасыз ету үшін қызмет етуге қашанда дайынбыз!, – дейді өз сөзінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру