Шымкентте кинологиялық қызмет бастықтарының жиыны өтті
Шымкентте орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің "Ақтас" оқу орталығының базасында өңірлік қолбасшылықтар мен тікелей бағынысты бөлімдердің кинологиялық қызметтерінің бастықтарымен оқу-әдістемелік жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай іс-шаралар екі жылда бір рет өткізіледі және офицер-кинологтардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, қызметтің тиімділігін арттыруға және бөлімшелердің жұмысына озық тәжірибені енгізуге бағытталған.
Жиын барысында қатысушылар жинақталған практикалық тәжірибелерімен алмасты, құқықтық тәртіп әскерінің кинологиялық қызметін дамытудың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ мамандарды даярлау мен қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қызметтік иттерді қолданудың өзекті мәселелерін талқылады.
Оқу-әдістемелік жиын аясында шет елдерде қолданылатын қызметтік иттерді даярлаудың тиімді тәсілдері мен тәжірибелері де қаралды. Қатысушылар кинологиялық қызметті ұйымдастырудың, оқыту жүйесін жетілдірудің және қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде қызметтік иттерді пайдаланудың заманауи жолдарын зерттеді.

Практикалық дайындыққа ерекше назар аударылды. Сабақтар күзетілетін мекемелердің бақылау-өткізу пункттерінде жүргізілді, онда қызметтік иттер нақты қызметке барынша жақын жағдайларда адамдар мен көлік құралдарын тексеруге қолданылады.
Сонымен қатар кинологиялық қызметтердің бастықтары Шымкент қаласы полиция департаментінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Шымкент халықаралық әуежайының қауіпсіздік қызметінің бейінді бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырумен танысты.
Бұл жиын қатысушыларға кәсіби әзірлемелермен алмасуға, мамандарды даярлау деңгейін арттыруға және Ұлттық ұланның кинологиялық қызметін одан әрі дамытудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік берді.
